Мен бүгін өз ой-пікірімді, ой елегінен өткізген пайымдауымды айтқым келіп отыр. Маған жастардың қоятын сұрақтарының бірі: Қалай сізді ренжіткен адамды кешіре аласыз? Яғни, әңгіме «Кешірім» туралы болмақ…
Шынында да кешіруді әркім әртүрлі түсінеді. Біреулер кешіруді кешірілмес әлсіздік десе, келесі біреулер пайда болған жараны қозғай бермей, «кешірдім» дей салады. Осылайша өз өмірінде болған реніштерін ұмытқысы келеді. Ал кешірімді бір рет берген қарызы сияқты көретіндер де бар.
Десек те, бір-бірімізді ренжітетін жағдайлар күнделікті өмірімізде жиі кездеседі. Жүректегі қандай жара болса да уақыт өте келе жазылады, уақыт ең жақсы емші деп басқаларды жұбатамыз. Бірақ уақыттың емшілік қасиеттері жоқ әрине, тек ұсақ-түйек реніштер мен жәбірленулер уақыт өткен сайын ұмытылуы мүмкін. Алайда өмірімізде болған кейбір жайсыз оқиғаларды өшіріп тастап, «бәрі кешіріледі» деп айта алмаймыз. Бұл өзін-өзі алдау болар еді.
Мәселен, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, сол кездегі полиция, әскери адамдардың мені кінәлі болмасам да, аямай ұрып соғып, қорқытқаны, тіпті, курстастарымның мені қолдамақ түгілі, өтірік айтқан қорлау сөздері, жүрегіме, денеме өмір бойы жара салғанын мен ұмыта алмаймын.
Бұны психологиялық жағынан ұмыту мүмкін емес. Мысалы, адам үлкен қызыл алма туралы ойласын десеңіз, оған: «үлкен қызыл алма жайында ойлама!»-деп айтасыз, сонда адам сол бейнеден құтыла алмайды екен.
Адамның еске сақтау қабілеті кейде ұсақ-түйек реніштерді ұмытқанмен, тереңірек жадымызда көп оқиғалар қалады, біз компьютер емеспіз ғой, мәңгілікке өшіре алмаймыз. Тек қолдан келетіні, болған оқиғаға жағымды жағынан қарай аламыз. Мен, 86 жылғы желтоқсан оқиғасында адамдардан көңілім қалып, жан жарамның жаралануын осы жылғы 2022 жылғы қаңтар оқиғасындағы полиция қызметкерлерінің зұлымдықпен адам денесін жаралап, арқасына үтік басып, саусақтарына ине тығып, адам төзгісіз айуандық жасағанын естіп, видеодан көріп салыстырамын. Қазіргі жастарымыздың полиция қызметкерлерінің осындай аяусыз әрекеттеріне душар болғанына қатты қынжылдым.
Ер адамдардың бір жас қызды әлім жеттік жасап, ұрып, соққанын, қорлап-зорлағанын сол қыздың өз ауызынан айтқан әңгімесін тыңдап, оны аяп, қоса жыладым…
Азғындық, қорлау сөздер, азаптау, алдап-опасыздық жасау, адамның денесін аяусыз жаралау, жүректі ауыртып, жанға, денеге қатты әсер етеді. Бұларды кешіру қиын, әрине. Бұл адамгершілік сезіміңді, адамдарға деген сеніміңді, болашаққа қойған үміт-мақсатыңды жойып, жасқаншақтық етеді.
Ал саған опасыздық жасағандар арасында курстасыңыз, жақсы таныстарыңыз болса ше? Бұл одан да бетер қиын емес пе? Талай зиялы адамдарға опасыздық жасалғанын, тіпті, бас тартқандарын кітаптардан, әлеуметтік желі арқылы оқып жүрміз.
Мен қалған өмірімде кінәлі адамды іздей бермей, тек сол жағдайдан сабақ алып, барлық жағдайды қабылдауды үйреніп келемін. Енді басқалармен қарым-қатынасымды дұрыстап, өмір сүрейін деп Құдайға шүкіршілік етемін.
Сіз қалай ойлайсыз, сізді жәбірлеген адамды, алдымен өзі келіп кешірім сұрасын деп күту керек пе?.
Меніңше, мүмкіндік болса, сізді ренжіткен адаммен кездесіп, сөйлескеніңіз дұрыс болар. Ал бірінші болып қадам жасасаңыз, кінәлі кісіні өзінің жасаған зұлымдығына өкінуден босатуыңыз мүмкін.
Өйткені, «Кешіру» – жүрегіңнің түрмесінің есігін ашып, тұтқынды босату деген екен бір атақты адам.
Яғни, кешіру – сезімнің емес, еріктің әрекеті. Адамның еркі бар таңдауға! Ал сезім әрдайым бұл қадамға қарсы тұрады, олар сіздің қорлық көрген және жәбірленген «Меніңіздің» одақтасы. Егер өзіңізді жәбірлеген кісінің орнына қойып, оның не ойлағанын және ұрыс кезінде нені сезінгенін түсінуге тырыссаңыз, бірінші болып қадам жасау және кешіру сізге жеңілірек болатын шығар.
Сөздің соңында айтайын дегенім, бүгін мен кешірсем, ертең мені кешіреді. Міне, осындай екеуара кешірім берісу үйлесімді өмірді құратынына сенемін.
Қалай ойлайсыз, қаншалықты кешірімді болу керек?
Шәкірті ұстазынан, -Ұстаз, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешiруiм керек? Жетi ретке дейiн бе?- деп сұрайды. Сонда ұстазы:-Жетi емес, жетi қайтара жетпiс ретке дейiн,-деп жауап бердi».
Осылай ұстазы шәкірттерінің «үмітінен шығуды» ойламайды. Қайта кешіру шегін шексіздікке дейін созады. Байқайсыз ба, ұстазы өзара және міндетті түрде кешірімді болатын жаңа арақатынасқа үйретуде.
ТЕК ОСЫНДАЙ ҒАНА, шынайы кешірім біздің әрқайсымызға Құдайдың кешіріміне және бостандыққа жол ашады: Ал ұстаз: «Егер өздерiңе күнә жасағандарды кешiрсеңдер, онда көктегi Құдай сендердi де кешiреді» десе, бұл сөз мені де көп ойландырады.
Біздің бағалауымыздың негізі Құдайдың бізді осы күйімізде жақсы көретінін әр адам өзінің шынайы құндылығы деп ұқсақ, сонда адамның бағалауының қате екенін түсіне аламыз.
Психолог Хагс: «Кейде физикалық мәселелер – бездің қалпына келтірілуі немесе невралгия – симптомдарын береді де тәжірибесі жоқ адамдарға олар эмоциялық немесе рухани уайым сияқты көрінеді. Бұл туралы білу керек, өйтпесе сіз өзіңізге рухани немесе эмоциялық мәселе деп көрінгендіктен шын мәнінде тәни, яғни дене сырқаты болуы мүмкін» деген.
Сондықтан деніңіздің сау болғанын қаласаңыз, жүректегі жараның, денедегі дақтардың жазылатын күндері болар деген үміттеніп өмір сүре берейік.
Искакова Рахия Кеңесбекқызы,
Алматы қаласы.