Әлемде қанша адам болса, сонша пікір бар дейміз… Бірақ, біреудің айтқан ойын қаз-қалпында қабылдауды білмейміз. Осы біздер өзгенің пікірімен санасу мәдениетін қалыптастыруға қауқарсыз ба едік? Әлде ол қауқарсыздыққа ниеттің жеткіліксіздігі де жамалды ма?! Ниет болса да, мәдениет жоқ шығар, бәлкім?! Онда осы тақырыпта әңгіме өрбітіп көрейікші…
Тым-тырыс кабинеттің тыныштығын туфли тақасының тықылы бұзды. Әрлі-берлі жүрген әйелдің көзі сұсты, түсі суық. Алдында отырған жазықсыз жандарға жанашырлық танытқандай болса да, жанарынан жылулық сезілмейді
— Ал, ойларыңды ортаға салыңдар! Жиналыста жалғыз адамның сөйлегенін қайдан көріп едіңдер? — деп аларған көздерін қарамағындағы қызметкерлеріне қадап, бір-екеуінің төбе тұсына төніп тұрды. Оларда үн жоқ. Ерік пен еркіндікке қол сұғылған соң қайтіп сөйлесін? Құлқы болса да, құқығы жоқ, құқығы болса да, қорқынышы басым жандар. Бірақ қол астындағыларды табан астына түсіру керек деп кім айтты? Құдай Тағала адамның тұлғасын жаратқанда біреуге аз, біреуге көп басымдық бермеген болар, бірі басшы, бірі құл болсын демеген шығар. Жаратқанның алдында әрбіріміздің құқығымыз бен мүмкіндігіміз тең. Ол тұлғамызды тұтас етті, демек біз де өз кезегімізде өзгенің ой-пікірімен санасып, не айтса да тыңдап алуға тиіспіз. Сондай-ақ, қажет кезде өз ойымызды ойып тұрып ашық айтуға толық құқылымыз һәм міндеттіміз! Әлбетте пікір айтудың да орны мен жөні, реті мен мәдениеті болуы керек. Әрине, барлық айтылған ойлардың арасында бізге жат, бізге түсініксіз, бізге ерсі естілетіндері болуы мүмкін, тұлғамыздың түрлілігі сол ғой, әрбіріміз әртүрлі деңгейде ойлаймыз, әр нәрсені өздігімізше қабылдаймыз, кей пікірлерге өкпелейміз, кей ойлар құлаққа жағымды естіледі. Шынтуайтына келсек, кез-келген пікірден қорытынды жасап, жүйелі ойларды саралай білгеніміз бен үйренгеніміз абзал.
Өзіңнің пікіріңді тыңдату мен өзгенің ойын тыңдау мәдениетін қайтсек қалыптастыра аламыз? Бала кезден!
Бұл тақырыптың ең тың әрі ең ұтымды тұсы — балалардың пікірімен, таңдауымен, сезімімен, талғамымен санасуға ден қою. Біз көп кезде тұлғаның тұтастығымен санаспайды екенбіз, баланың жасы мен басы кіші болған соң, біз өзіміз барлығын көбірек, жақсырақ, анығырақ, толығырақ білеміз деп қателеседі екенбіз, сөйтіп тұлғаның еркін дамуына, қалыптасуына, шыңдалуына кедергі келтіреміз, ал өзіне тосқауыл қойылған тұлға өзгенің ойына кедергі келтірмей қайтсін?! Қате ой болмайды, айтылмаған, жазылмаған, ашылмаған ой болады. Не ойласаңыз да, сіздің ойыңыз орынды. Осыған сеніңіз!!!
Эльмира Абетжанова